Іздеу
Ақпан 22, 2020
  • :
  • :

Қаһарман қазаққа құрмет

28.10.10.

Стамбул қаласында Бүкіләлемдік бірінші Түрік форумы болып өтті

Түрік болсаң, бірік!
Халықаралық ауқымды шара «Түрік кеңесі, түрік диаспорасы және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық» деген атаумен өткізілді. Бұл форумның негізгі ұйымдастырушысы – Түрік-Азия стратегиялық зерттеулер орталы¬ғы (TASAM). Халықаралық бас¬қо¬суға 60-тан астам түркі тілдес елдің өкілдері қатысты. Форумға Қазақстаннан Дүниежүзі қазақ¬тары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Парламент Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, Білім және ғы¬лым министрлігі Философия жә¬не саясаттану институтының ди-ректоры, академик Әбдімәлік Ны¬санбаев, Қазақстандағы Әзер¬ба鬬¬жан мәдени орталығының пре-зиденті, «Тұран-экспресс» гବзе¬тінің бас редакторы, тарихшы-ғалым, профессор Видади Са¬лахов, Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев және бірқатар ғалымдар, БАҚ өкілдері келді.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы¬мының бас директоры Дүйсен Қа¬сейіновтің пленарлық мәжілісте жасаған баяндамасы көптің көңі¬лінен шықты. Ол өзі басқаратын халықаралық ұйымның бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды. Бүкіл түрік бір¬лігін дамытуға арналған шаралар жөнінде айтты. Сонымен қатар ол бұл саладағы Қазақ елінің үлесі жөнінде жан-жақты баяндады. Қазақстандық меймандар да секция мәжілістерінде сөз алып, өз тұжырымдарын ортаға салды. Ал Парламент Сенаты, академик Ғарифолла Есім бір секцияға төрағалық етіп, модератор мін¬детін атқарды. Бүкіл форумның өн бойында түрік бірлігі идеясы айқын аңғарылып тұрды.

Қаһарман қазаққа құрмет
Жиынның ең құрметті қонағы қазақ батыры, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров болды. Форум мәжілісінің төрағасы «Қазір бүкіл түркі тілдес елдердің арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер сөз алады», – деп хабарлағаны сол екен, зал дуылдаса жөнелді. Бәрі де қаһарман қазаққа құрмет көр-сетті. Тоқтар Әубәкіров форумда шешендіктің үлгісін көрсетті. Сөзін қазақша бастап еді, бірақ түріктердің қазақшадан аударатын тілмашы жоқ екен. Сосын амал¬сыз орысша сөйлеуге мәжбүр болды. Түркі жұртының бірлесуі хақындағы өз тұжырымдарын нақты мысалдармен өрнектеді. Оның сөзіне ел шын ықыласпен қол соқты.
Содан Стамбулдан қайтқанша Тоқаңа тыным болған жоқ. Фо¬румдағылар оған мүлде дамыл тап-тырмады. Бәрі де жолығып, әңгімелескісі келеді. Онымен бір¬ге суретке түсуге кезекке ұмтылған қалың жұрт. Құдды бір Тоқаң осыдан жиырмашақты жыл бұ¬рын емес, тура бүгін ғана ұшқан секілді әсер қалдырады. Оның үстіне бойы екі метрге жуық, салмағы жүз жиырма бес келі біздің алпамсадай ғарышкер талайдың назарын аударды. Түрік телеарнасы оны тікелей эфирге шақырды. Әйгілі «Заман» газеті арнайы сұхбат алды.
Стамбул көшелерінде Тоқтар Әубәкіровті танып жатқандар баршылық. Кейбірі бұрылып қа¬райды. Кейбіреуі келіп сәлем¬де¬седі. Әйтеуір сол күндерде Стам¬булдағы басты жаңалықтың бірі форумға қазақ ғарышкерінің ке¬луі болды.

Мейірімі мол Мұстафа
Форумда Стамбул губерна¬торының орынбасары Мұстафа Алтынтас сөз сөйледі. Мұстафа – ноғай халқынан шыққан жігіт. Сөз саптауынан, жүріс-тұры¬сы¬нан бекзаттық пен зиялылықтың белгісі байқалып тұрады. Өзі қарапайым. Кіммен болса да, ер¬кін тілдесе кетеді. Шіренген ше¬неуніктің талайын көріп жүрміз ғой. Мұстафа ондайларға ұқса¬майды. Әйтпесе, шіренсе, Мұс¬тафа шіренсін. Он сегіз миллион тұрғыны бар алып шаһардың губернаторының орынбасары қалай шалқаям десе де еркі емес пе. Жоқ, бұл бір текті жігіт екен.
Сол қызметі дардай Мұстафа форумға барған қазақтарды төң¬іректеді де жүрді. Әрқайсымызбен арнайы келіп амандасты. «Қаны тартып тұрғанын қарашы», – деді жігіттердің бірі. Туысқан екені¬мізді айтып, «Сіз қазақсыз ғой», – деп қалжыңдасақ, «О баста бәрімізді ноғай деп атаған жоқ па еді?!», – деп ол да оңайлықпен беріспейді.
Тілі түрікшеге сәл икемделіп тұратыны болмаса, қазақша әң¬гімені еркін түсінеді. Қалжыңға өте бейім.
Жергілікті тұрғындар Мұс¬тафа¬ның айрықша мейірімді еке¬нін айтады. Оның шарапатын көр¬гендер жеткілікті көрінеді. Әсіресе, қазақ бауырларына үнемі қарайласып тұрады. Сондықтан болар, Стамбул қазақтарының іш¬індегі қызметі ең үлкені, ша¬һардың Зәйтүнбұрын ауданы әкі¬мінің орынбасары Ілияс Сақа Мұс¬тафаға кәдімгідей арқа сүйей¬ді.
Сол Ілияс Еуропа қазақтары¬мен бірлесіп біздің делегацияның өкілдеріне арнап қонақасы берді. Осы дастарқанға Мұстафа арнайы келді. Еркін көсілді. Тура өзіміз. Ақкөңіл, ақжарқын. Қайта-қайта қалта телефоны шырылдап, маза¬лай берген соң, қазақтарды қи¬май-қимай, кезекті жиналысына кетті.

Қайнарды сұраған қазақтар
Мұстафаны ортаға алып әңгі¬мелесіп отырғанымызда ноғай мәселесі көп қозғалды. Тіліміздің айна-қатесіз ұқсастығы айтылды. Тағдыр-талайымыздың бастау¬лары әңгіме болды. Әдеби мұра-ларымыздың ортақтығы тілге тиек етілді. Әңгіме әбден қызған кезде Германияда тұратын ғалым, Еуропа қазақтары қауымдас¬тығы¬ның төрағасы Абдулқайым деген ағамыз:
– Баяғыда Қайнар Олжай «Он сан ноғай. Ол қайда?» деген та¬маша мақала жазып еді. Осы дү¬ниені үтір-нүктесіне дейін қал¬дырмай оқып едім. Сол Қайнар қазір қайда өзі? Қандай қызмет істейді?, – деп сұрағаны. Қазақ журналистикасында өз өрнегін өзгеше салған Қайнардың сол мақаласы шынымен де танымдық тың деректерімен ерекшеленген еді. Жалпы, қай нысананы да дәлдеп көздейтін Қайнекеңнің бір мақаласы қанша жыл өтсе де Еуропа қазақтарының әңгімесіне өзек болып жатқанына разы бол¬дық. Оның әрбір мақаласы ел-жұ¬рт¬ты елең еткізетін.
Дереу әріптес ағамызға теле¬фон шалдық. Қытайда, Бейжің қаласында іссапарда жүр екен.
– Не деген мықты адам едіңіз, Қайнеке! Осыдан жиырма шақты жыл бұрын жазған дүниеңізді Түркияда күллі Еуропа қазақтары жиылып талдап жатыр!..
Абдулқайым ағамыз екеуін телефонмен тілдестіре қойдық. Қайнардың бұл мақаласы жа¬қында шыққалы жатқан кітабына енгізілген көрінеді. Енді сол кітап жарық көрген соң бес-алты да¬насы Еуропаға жөнелтілетін бол¬ды.

Жырақта жүрген Жәмила
Форумның тағы бір беделді қонағы – күні кеше ғана Чехия¬ның Адам құқын қорғау және аз ұлттар мәселесі жөніндегі минис¬трі болған қазақ қызы Жәмила Стехликова. Жәмила 1962 жылы Алматы қаласында туған. Белгілі архитектор, қазақтың ою-өрнегін зерттеуші ұлтжанды азамат Алмас Ордабаевтың қызы. Мектеп бітірген соң Мәскеудегі Сеченов атындағы Бірінші медицина институтына түседі. Оқуын бітіріп сол оқу орнында оқытушылыққа қалып, ғылыммен айналысуға бел буады. Сөйтіп жүргенде Мәскеуде оқыған чех жігіті Милославпен танысып, шаңырақ көтереді. Одан әрі қазекемнің дәстүрімен күйеуінің еліне аттанады. Содан тынымсыз адал еңбек еткен қазақ қызы күндердің күнінде Чехия¬ның Адам құқын қорғау және аз ұлттар мәселесі жөніндегі минис¬трі болып тағайындалады.
Әрине, қазір Жәмила бұл қыз¬метте емес. Олардың Үкіметі осы¬дан бір жыл бұрын ауыстырылған. Қазір ол мамандығы бойынша жұмыс істейді. Чехияның СПИД-ке қарсы күресу жөніндегі бағ-дарламасының жетекшісі. Елдегі Жасылдар партиясының жетек¬шілерінің бірі. Егер партияның айы оңынан туса, қызметке қайта келуі де мүмкін. Екі перзенті бар. Қызы Кәмила Амстердам уни-верситетінде фото өнері маман¬дығы бойынша білім алып жатыр. Ұлы Алан – мектеп оқушысы.
Жәмиланың форумдағы баян¬дамасын ел ықыласпен тыңдады. Ол әлем түріктерінің бірлігін сақ¬тау жөнінде қызықты ой-пікірлер айтты. Қарапайым дәрігерден министрге дейін жетіп, өзін дәлелдей алған жырақта жүрген Жәмилаға сәттілік тіледік.

Астананы аңсаған Алмагүл
Бұл форумды Түрік-Азия ст¬ра¬тегиялық зерттеулер орталығы (ТАSАМ) ұйымдастырғанын жо¬ғарыда айттық. Басқосуда осы мекеменің Орталық Азия мәсе¬лелері жөніндегі сарапшысы Ал¬магүл Исина ерекше белсенділік танытты. Алмагүл Түркияға тоқ¬саныншы жылдардың басында келіпті. Өзі Семей өңіріндегі Ақ¬суат ауданының қызы. Оқу, қыз¬мет, тіршілік… Түрік тілінде сөй¬легенде түрікті жаңылдырады. Тү¬ріктің беделді басшыларының біразы қазақтың қаршадай қы¬зымен кәдімгідей санасатынын көрдік.
Алмагүл сыртта ұзақ жүрген соң өз бетінше тіршілік етуге үйренген. Тез шешім қабылдайды. Стамбулдың вице-губернаторы Мұстафа Алтынтасты қандас ретінде арқа тұтады. Ол қолына түсе қоймаса, Зәйтүнбұрын ау¬даны әкімінің орынбасары Ілияс Сақаның мазасын алады. Әйтеуір қалай болғанда да қазақ деле¬гациясының жағдайы дұрыс бо¬луы үшін бар жанын салды.
Сол қайсар қарындасымыз Алмагүлдің әлі күнге Астанаға жолы түспепті. Арқа төсіндегі әсем шаһарды көруді аңсайды. Бірақ әлі күнге дейін соның сәті келмей тұр. «Еліңе де ораларсың, Астанаңды да көрерсің», – деп тілек айтты оған ағалары.
Түрік форумы жыл сайын өткізіліп тұратын болып келісілді. Жиынның қорытындысы бойын¬ша бүкіл түркі жұрты игілігін кө¬ре¬тін интернет-портал әзірлеуге ұйғарым жасалды. Бұл әлем құлақ түрген халықаралық жиын «Түркі тілдестер, түгел бол!» деген ұғым¬ды тағы да бір нақтылай түсті.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Астана – Стамбул – Астана.
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=4429&Itemid=2




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir