Іздеу
Шілде 22, 2017
  • :
  • :

Этноауыл ұлттың жадын жаңғыртуға арнап салынуы керек

Этноауыл ұлттың жадын жаңғыртуға арнап салынуы керек

26.10.10.

Ұлт Көшбасшысының жақында қазақ елінің бас қаласында елімізді мекен ететін барлық ұлыстарға арнап этноауыл салу мәселесін көтергені белгілі. Елбасының мұндағы саясаты – қазақпен тағдырлас өзге ұлттарды қазақ халқының маңайына шоғырландыру. Яғни этноауылдың салынуы – үлкен мұрат жолындағы игілікті қадам. Бірыңғай әлемдік мәдениеттің тонын жамылған жаһандану үдерісінен туған үрдіс пе, жоқ, жұтылып, жоғалып кетпеудің жанталасынан туған жаппай жарыс па, бүгінде барша халықтың өзінің шыққан этникалық тегіне, тарихына, салт-санасына терең ден қоя бастағаны байқалады. Соның бір көрінісі ретінде бұған соңғы кезде күрт қолға алына бастаған этноауылдарды қосуға болады. Әрине, мұның бәрі өз кезегінде туризмнен түсетін түсімнің көзі ретінде де қарастырылатынын айтқан жөн. Мәскеуден бастап бұрынғы кеңестік елдердің бәрінде дерлік қанат жая бастаған осы этноауылдар қазақ даласында да қолға алына бастады. Жоғарыда айтқанымыздай, мақсат – айқын, жол-жобаның ауқымы – анық. Бірақ бұл этноауылдар қалай, қайтіп салынбақ?!. Біздіңше, этноауыл дегенің жай ғана қызықтап қайтатын, шолып қарап шығатын орын емес, киелі мекен. Киелі мекен екен деп, ол ойсыз, сезімсіз қалғып-мүлгіп тұрмауы тиіс. Керісінше, жанды, күнделікті тіршіліктің, қайнаған қозғалыстың ішінде болуы керек. Барған адам емін-еркін демалатындай, ел мен елді елдестіретін, жұрт пен жұртты жақындастыратын, келушінің бірден назарын аударатындай рухани демалыс орны болсын. Үнсіз жырлап тұрсын. Өткен мен бүгінді, болашақты жалғастырып тұрсын. Сондықтан этноауылдың қадір-қасиетін осы бастан ойластыруымыз қажет. Аршыған жұмыртқадай ақ боз үйді тіге салып, оған жыпырлатып, әлем-жәлем қазақы бұйымдарды іліп қойғанмен, ол этноауыл бола қоймайды. Ең бастысы, сол ақ боз үйіңіз бір қалашық ішінде орналасқан басқа ұлыстардың сән-салтанаты жарасқан этноауылдарының тасасында қалып қоймауы керек. Кәсіпкерлеріміздің осы уақытқа дейін қазақтың ең болмаса бір ұлттық тағамдар мейрамханасын толыққанды жасақтай алмағанына қарағанда, ондай қорқыныш, қауіп-қатер жоқ емес. Әлемдік мәдениетті қанша жерден үйіп-төксек те, бар жақсының басын бір жерге біріктірсек те, қазақтың астанасында қазақтың ауылы, ұлтымыздың тыныс-тіршілігі, болмыс-бітімі бәрінен де асқақтап тұруға тиіс! Елімізді мекен ететін барлық ұлыстардың этноауылы белгілі бір дәрежеде қазақтың ұлттық идеологиясына қызмет етуі тиіс! Этноауыл – қазаққа жатбауыр болмасын. Басқа халықтарды біз пирамидамен емес, өздері айтатындай, «бұрышы жоқ үй», «жылжымалы баспанамен» ғана таңғалдыра аламыз. Олай болса, этноауылды атадан қалған ақ боз үйсіз жасақтау мүмкін емес. Басқаны айтпағанда, осы зер кестелі ақ отау – киіз үйдің өзіне қаншалықты мән беріп отырмыз? Бұл туралы сұрағымызға «Этнодизайн – Қазақ» мекемесінің директоры, белгілі дизайнер Аманжол Найманбай: – Қазір Қытайдан темір уық, темір керегелі киіз үйлер алып келетінді шығардық. Бұл – қасиетті ұлттық өнерді кейін кетеру, қорлау. Киіз үй тек қана тал, қайың, қарағай сынды берік, июге ыңғайлы ағаштан жасалуы керек. Қазір қырғыздың, туваның, тибеттің, алтай халықтарының киіз үйін жапырайтып алып кеп тіге беретін болдық та, бөгде жұртты әбден шатастырдық. Жалпы, киіз үйге мән бере бастағанымыз сексенінші жылдардың аяғындағы «Наурыз» мейрамын тойлаумен тұспа-тұс келді. Еліміз егенмендік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда ешбір шара киіз үйсіз өтпейтін жағдайға жеттік. Бірақ әр нәрсенің екінші қыры болады. Сол себепті, сападан гөрі санға ұмтылып, жасанды киіз үйлерді қарадай қаптаттық. Қазақтың қасиетті қара үйі қуыршаққа айналды. Эстетикалық талғамын төмендетіп алдық. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің санасында «е, қазақ деген қара қоста тұрған екен ғой» деген ой қалыптастырудың қаупі сезіле бастады. Осы жайттарды сезген шенеуніктер үлкен тойлар мен мерекелерде киіз үй тігуді азайта бастады. Онсыз да шала қазақ шенеуніктердің біразы «Зачем эта архаика?» деп киіз үйге мұрнын шүйіре бастады. Міне, сондықтан да алдымызда киіз үйді баяғы сән-салтанатымен қалпына келтіру, одан әрі дамыту, келер ұрпаққа аманаттау мәселесі тұр, – дейді. Расында да, киіз үй көршілес қырғыз бен өзбекте, моңғолдарда кездескенмен, қазақтың киіз үйі құрылымдық және безендірілу жағынан бәрінен пәленбай есе асып түседі. Киіз үйдің ең жетілдірілген салтанатты түрі – қазаққа ғана тиесілі. Бұл біз ашқан жаңалық емес, бөтен халықтың озық ойлы зиялылары өткен ғасырларда-ақ жазып қалдырып кеткен. 1861 жылы Париж көрмесіне жіберілген Алмасовтың, 1867 жылы Мәскеу көрмесінде тігілген Шыңғыс Уәлиханов пен Арынғазы Ханғожиннің ордаларынан көз жазып қалғанымыз өкінішті. Осы киіз үйді де шетелдіктер тек қазақтыкі емес, көшпенділердің бәріне тән деп шатастырады. Кезінде қазақы киіз үйге ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібековтің бір арманы қазақ киіз үйінің этнографиялық музейін ашу болған екен. Кезінде ол кісі осындай оймен «Шеберлер ауылын» ашқан еді. Оның да бүгінде аты ғана бар, заты жоқ. Осы орайда Алматы не Астанада ұлттық дизайн орталығы үйымдастырылса, қандай жақсы болар еді! Ұлттық дизайн орталығы ашылса, ұлттық киім, киіз үй, зергерлік сала мамандарының басын қосып, олардың дамуына, ой алмасуына мүмкіндік туар еді. Кешенді зерттеу жүргізіп, материалдар жинақтап, этнодизайнды жаңғыруға мүмкіндік болар еді. Тарих қойнауында қалған баға жетпес асыл мұраларымызды көпшілік жұртқа танытар едік. Біз пікірін білмек үшін біраз ағайынға сұрау салған едік. Солардың дені «этноауыл» дегенде, кемеңгер Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңін еріксіз еске түсіретін жауап берді. Яғни сол өлеңде айтылғандай, ауыл маңында жылқылар шұрқырап, желіде құлындар сап түзеп тұрса, қыран құстар шаңқылдап, қазақы төбеттер әупілдеп, құмай тазылар сылаң қағып тұрса, сары қымыз, қою қымыран үзбей сапырылып, қазы-қарта, күрең бауырсақ, құрт, ірімшік дастарқаннан үзілмесе, ақ отаулардың есігі күні-түні жабылмаса, халықтың әні мен күйі төгіліп тұрса дейді. Жалғыз ақ киізді ордалар емес, қазақ байларының ағаштан, кірпіш пен тастан қаланған, іші мен сырты бірдей жасанған салтанатты үйлері, ісмер шеберлердің қолынан шыққан дүниелері сықа толы дүкендері де тұруы тиіс дейді. Яғни халқымыздың тек көшпенді емес, отырықшылық мәдениеті де кеңінен көрініс табуы тиіс екен. Қысқасы, этноауыл ұлттың жадын жаңғыртуға, халқымыздың қадір-қасиетін әспеттеуге арналып салынса игі. Көргенде еріксіз сүйсінетіндей, таңғалатындай, жан жүрегің мақтаныш сезіміне бөленетіндей болғанға не жетсін! Төре ҒАЛИ Дерек көзі: http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=4397&Itemid=2




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir