Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

Еуропалық саяхатшы Джон Кэстлдың 1736 жылы Әбілхайыр Хан ордасына сапары және естеліктері мен суреттері

Ағылшын шеше мен неміс әкеден туған саяхатшы және суретші Джон Кэстль 1734 жылы Ресей патшалығы ұйымдастырған Орынбор экспедициясының құрамында Орталық Азияға сапар шегіп екі жыл сонда болды. Осы сапары барысында ол 1736 жылы Кіші жүз қазақтарының ханы Әбілхайыр Ханның ордасында болып ресейліктердің атынан онымен келіссөздер жүргізді.

Осылайша 1736 жылы 14 маусым мен 13 тамыз арасында үш ай бойы жалғасқан сапарының алғашқы 20 күні қазақтар арасында өтті. Ол осы сапары барысында көрген білгендерін естелік ретінде жазды. Кей кейде суреттер де салды. Оны кейін Ресей патшалығына мәлімдеме репорт ретін ұсынды. Оның бұл жазғандары кейін атап айтқанда 1784 жылы Рига қаласында естеліктерін неміс тілінде “Ұлы Император Петр қайтыс болғаннан бері Ресей тарихына қатысты материалдар” (Materialen zu der Russischen Geschichte seit dem Tode Kaisers Peters der Grossen, Zwieter Theil) деген атпен кітап болып жарияланды.

Бұл еңбектен кейбір үзінділер қазақшаға аударылып 1970 жылдардан бастап кітап және газеттерде орын алған. Сонымен қатар оның немісшеден орысшаға аудармасы да Вольфганг Штаркенберг тарапынан жасалып “Дневник путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой Орды” деғен атпен басылып шыққан. Кэстлдың еңбегінің Әбілхайыр Хан мен қазақтарға қатысты бөлегін Охфорд университетінің жанындағы шығыс тану институнының ғылыми қызметкері Беатрис Тесье неміс тілінен ағылшын тіліне аударып ғылыми түсініктемесін беріп “Қазақ даласына таман Жон Кэстлдың Әбілхайыр Ханға Миссиясы (1736)” (Into The Kazakh Steppe John Castle’s Mission to Khan Abulkhayir (1736) Edited by Beatrice Teissier) деген атпен 2014 жылы Охфорда жарыққа шығарды. Біз бұл мақалада Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осы кітаптың мазмұнұна және қазақтарға қатысты суреттерге тоқталмақпыз.

Естеліктерinde Кэстль Орынбор экспедициясының мүшесі ретінде көрген білгендерін әңгімелеуде. Екі томдық кітаптын әжептеуір бөлегі болса Қазақстанның этнографиясы, география және табиғи ресурстары сондай-ақ қазақтардың өмір тіршіліктері туралы мәліметтерге орын берілген. Әсіресе оның Әбілхайыр Хан және хан ордасы туралы сызған суреттері өте құнды. Бұл естеліктер сонымен қатар орыс емес бір шетелдіктің қаламынан туындауымен де ерекше мәнге ие. Кітапта суретші Кэстлдың салған 12 суретке де орын берілген. Еңбек үш бөлімнен тұрады. Күнделік, автордың түсініктемелері және соңында кітапдағы адам, жер, су аттары туралы немі стілінде сөздік. Біз баяндамамызда Кэстлдың қазақ даласына сапары туралы әңгімелеп оның салған суреттерін таныстырмақпыз.

Кэстль сапарынан тағы бір жоғары құнды аспектісі Әбілқайыр Хан және басқа да қазақтармен жақын байланыста болып сөйлесуі, бірге отырып дастарқанда дәмдес болуы тб. Оның күнделігінде дін, заң және басқа да қазақ салттары туралы құнды мәліметтер кездеседі. Осындай этнографиялық мәліметтер, кітаптың күнделіктен кейінгі арнайы бөлімінде Кэстлдың өзі де толықтырып жазады.

Саяхатшы Әбілқайыр Ханмен кездесу үшін Орынбор / Орск оңтүстік шығыс бағытымен жүріп қайтарда сол бағытпен келе жатып Орал / Жайық пен Ылек өзендері арасында батысқа бұрылып Орынборға қайтады.

Кэстль күнделігінде қазақтар туралы ойларын еркін түрде жазған. Қазақтардың тағамдары, салт-саналары жайында кейде таңданыс, кейде мақтау, кейде келемеждеу кейде тіпті жиіркеніш сезімдерін жазудан тартынбаған.

Кэстл күнделігін басқа саяхат кітаптарынан құнды ететін тағы бір ерекшілігі сызған суреттері. Хан ордасы, табиғат және портреттер бар. Кэстл күнделігінде бес адамның портретін сызғанын айтады. Олар Әбілқайыр Хан, Әбілқайыр Ханның Орынборда ол кезде Ресейдің қолында аманат тұтқында болған ұлы Ералы Сұлтан, Алдар деп аталатын өте танымал башқұрт соғыс көшбасшысы, оның қызы, бесінші қасында аудармашы болып жүрген татар Мұса. Бірақ кітапқа Ералы Сұлтанның портреті кірмеген. Өйткені оны хан ордасында қонақ болып отырғанда, Ералы Сұлтанның анасы Бопайға ұсынып қуантады. (Сурет 1)

Кэстль бұл сапарды өзі ұйымдастырады. Негізі экспедицияның ресми мүшесі болмаған ол Орынборда аманат тұтқында отырған Ералы Сұлтанмен орнатқан достығын пайдаланып Әбілқайыр Ханға елшілік қызметін Ресей мемлекеттік кеңесшісі Иван Кириловтан сұрап алады. 1736 жылы шілде айында Әбілқайыр Ханның елшісі болып Жәнібек батыр және екі жасауыл Орынборға келіп Ресей патшасының өкілі подполковнигі Жақып Фоедровитке хат әкеледі. Кэстль оларды және бір жылдан бері таныс боп жүрген Ералы сұлтанды үйіне қонаққа шақырып сый-қошемет көрсетіп разы етеді. Сөйтіп Әбілқайыр Ханға баруға ұлықсат алады.

Орыс тілін де, қазақ тілін де білмейтін Кэстль саяхатта өзіне көмекші және тілмаш етіп 14 жастағы Дитрих Лұфтұс, атты неміс оқушысы мен полковник Теффкелеффтің Кұлбен деп аталатын татар қызметшісін ертіп алды. Кэстлдың немісше айтқанын біреу орысшаға, екіншісі қазақшаға аударып отырды. Саяхат тобында Жәнібек батыр, Шақби және олардын көмекшілері мен үш жас қазақ сәудегері болды. Бұлар 14 маусым күні кешке қарай жолға шықты.

Бес күндей жол жүріп шілде айынын 19-ы кешкісін Кэстль маңайында көптеген кигіз үйлер болған хан ордасына келді. Бірақ хан ордада жоқ екен. Ханға қонақ келгені туралы хабар беруге шабармандар жіберіледі және Кэстлға арнап ақ кигізден үй тігіледі.

Хан ордасына алғашқы келген Еуропалық болған Кэстлдың бөлек түр бейнесі мен киімдері қазақтардың назарын аударады. Сондықтан Кэстль өзіне арнап тігілген үйінде өзін көруге келген көптеген қазақты қабылдауға мәжбүр болады. Мұның себебін ол, “Aдамдар менің тұлғамды және неміс киімімді таңырқады” - деп түсіндіре келіп ол -, “Олардың кейбіреулері менің дене бітімімді және киімдеріме таңырқап қарады, әсіресе аяғымдағы тар сымға және бадырайған үлкен көзіме қарап күлді. Кейбіреулер болса қасымда әкелген заттарды көруге, білуге, ұстауға құштар болды. Олардың қызығушылығы соншама, қолға ұстап көргеннен менің кейбір заттарым бүлінді. Енді басқалары менің бұтыма киген тар сымға, сағатқа, айылбас-түймелеріме ерекше қайран қалысты. Енді келген басқа біреулер болса басқа заттарымды қарап шықты. Ең қызығы олардың бірі менен сағаттың қандай бір мақұлық екенін сұрады. Мең оның тірі мақұлық емес, адам қолынан уақытты білу үшін жасалған бір зат екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ сендіре алмадым. Сағатым тұрған жерге тізелеп енкейіп қарады да, мұның ішінде сайтан бар екенін айтып қиратып жоғалтуды ұсынды” дейді.

Күнделігінде Кэстль бір бақсының тазарту және сәуегейлік рәсіміне қуә болады. Бұл үшін Кэстлдің үйінің иесі еден ақ мата төседі, үстіне жанып тұрған тоғыз шамды орналастырды. Бақсы (мәтінде діни қызметкер немесе молда) қолында бір сыйқыр кітабы мен қамшысы бар еді. Оң жақтағы тоғада екі көзінен от жанып тұрған құзының бас сүйегі, сүйегінін төбесіндегі ойықта бір шыбық. Құзының қалған сүйектері де тоғада. Бақсы бұрын күйдірілген құзының сүйектеріне қарап сәуегейлік жасады. (Сурет 2)

Кэстл қазақтың қойға бата істеу салтыны да баяндауда. Кэстль өзіне түсте қой сойылмас бұрын тірідей алдына әкелінгенін, сөйтіп қойдың денсаулығынын мықты екенін көрсетілгенін, содан кейін барып бата істелгенін айтады.

Хан саяхатынан оралғаннан кейін 21 маусым күні қабылдайтын болады. Алдымен оған орда қызметкерлері тарапынан Хан алдына қалай шығу керектігі үйретілді. Хан алдында тізе бүгіп, маңдайын жерге үш рет тигізу керектігі айтылды. Мұндай ханға тағзым ету ұнамағандықтан ұқпаған болғандай сыңай танытқанын айтқан Кэстль былай дейді: “Жарты сағат уақыт өткен соң, мені бір топ адам хан ордасының алдына екі қолтығымнан ұстап отырып апарды. Хан ордасына 10 қадам жақындағанда бір минут тоқтауым сұралды. Соңсон жасауыл 6 қадам жүріп бір минут тоқтап тұруымды айтты. Одан соң жасауыл қайта келді, сонсоң барып хан ордасының есігінен кіргізіп жіберді.

Хан кигіз үйдің есігінің оң жағында жолақ мақта киіп, қасында көптеген ақсақалдарымен бірге ағасы, бауыры Нияз Сұлтан мен екі ұлымен бірге отырған. Кіргеннен кейін бас киімін шығарып тізе бүгіп үш рет француз тәсілімен ханды және бүкіл отырғандарды сәлемдеді. Осыдан кейін бас киімін қайта киген Кэстлға отыруға ұлықсат етілді.

Хан Кэстлдың айтқандарына риза болады. Ризашылығын өз қолымен жылқы етінен асатумен көрсетті. Сонсон қымыз берді. Үш сағаттық отырыстан кейін хан кетуі үшін белгіні оң жақ ыйығына оң қолымен қағу арқылы көрсетті. Бұл сонымен бірге ханның құрмет белгісі еді. Кэстль қазақтардың дастарқанында ешқандай қасық, пышақ немесе шанышқы болмағанын айтады, қазақтардың майлы бес саусақпен жейтініне көрсетеді.

Хан ордасында қонақ қабылдауды суретке салған. Суретте: тізе бүгіп арыз айтқан қазақтың қасында, төбесінде бір шымылдық ілулі. Бір ұлы қасында отыр. Кэстль мен екі жолдасы сол жағында. Киіз үйдің қалған ақсақалдар мен басқа да қазақтар толы. Бір кісі ортада қымыз құйып қызмет етеді. (Сурет 3)

22 маусым күні хан мен бірге аңға шығады. Ханның тоқалы Теберде болады. Бүркітпен аң аулады көріп Кэстль қайран қалғандығын айтады.

Кэстль Хан ордасынан кетер алдында Әбілқайыр хан кешке жеке үйіне шақырды. Сонда Кэстль оның әйелдерін көрді. Оның хан ордасын сыйпаттауынша, киіз үйдің іші парсы кілемдерімен жақсы жабдықталған. Жерде отырған ханның екі жағында Бұқар барқыттан жастықтар болған. Оның жоғарысында қызыл, ақ және алтын үш түсті жібек шымылдық ілулі. Ханның сол жағында төрт бұрышты жібек шымылдық ішінде оның үш әйелі отырды. Оның бәйбішесі басында ою өрнектерімен бас киімі, алтын түсті гүлдермен әшекейленген қызыл жібек киімі болған. Өзге екі әйелі Бұқар барқыт киімі және ақ матадан бас киімі болған. (Сурет 4)

Ханмен болған отырыс кезінде Кэстлдан Бәйбіше қанша әйелі мен баласы барын сұрайды. Әлі күнге үйленбегенін және баласы жоғын айтуы оларда үлкен таңданысқа себеп болғанын айтқан Кэстлдың атап өтуінше: “Бұған олардың сенуі де қиын еді. Өйткені олардың түсінігі бойынша, бір адамның бала-шағасыз өмір сүруі әсте мүмкін емес еді. Мен оларға қарсы пікірді қызу жақтадым. Ақырында олар мені кедей адам ретінде көрді және Еуропалық қыздар өте сирек және қымбат болуы жөнінде қорытындыға келді. Сондай-ақ олар осы мәселе бойынша өздерін бақытты санады. Өйткені олар 20 – 30 бие қалың төлеп тәп тәуір қызды ала алатындықтарына Құдайға шүкіршілік етті. Негізі қазақтар арасында мұндай саудаласуларда қымыз сауатын бие аса құнды. Себебі, оларда ақша болмайды және ақшаның не екенін де түсінбейді.”

Кэстл осыдан кейін қайта жолға шығады. Сонда қазақтардың саяхат үрдістеріне көз жеткізіп кейбір анықтамалар жасайды. Оның айтуынша, қазақтар саяхат барысында өте қажетті жағайлар сыртында кез келген суды іше бермейді. Олар су орнына орыстың бұршағындай кіші және сүйектен қатты қып кептірілген қойдың сырын, яғни құртты қолданады. Олар жылқы терісінен жасалған қаптың ішіне қойылады. Сонсоң оған су құйып аттын үстінде шайқалып отырады. Сөйтіп ол шөлдің қандыратын және адамды қоректендіретін сусынға айналады. Оны ішпес бұрың бетіндегі ең дәмді саналған қаймақ-кілегейін алып ең құрметті адамға береді. “Осы жолаушылықта маған беріп тұрды”, - деген ол сөзін былай деп жалгастырады -, “Және біреу қолымен қазақ салты бойынша аузыма құйып тұрды. Бірақ бұл мені ауру қылды. Өйткені ондағы қылшықтар мені жиіркендірді. Аузымнан жан жаққа шашырап ол көзімді ашытты, төмен төгіліп үстімді былғады.”

Қазақтардың жолдан адасқанда бал ашатынына да куә болған Кэстль жолды анықтау үшін қазақтар сиқырға жүгінетініне көрсетеді: “Екі қазақ жер қойылған тері көрпешенің үстіне бір-біріне қарап тізе бүгіп отырады. Әрбірінің қолында үшкір ұшы өздеріне қаратылған жебелер бар. Жебелердің қауырсынды артқы ұшы қарсы алдындағыға қаратылған. Ұштары да бір оқ секілді бірбіріне тиіп тұрды. Олар осыллайша жебелерді мықты ұстап отырғанда арапша баталар айтып жебенін қай жаққа түсетінін күтіп отырды. Егер, жебе оң жаққа түссе, біз оң жаққа қарай, сол жаққа түссе жол жаққа қарай саяхат ететін болдық.” (Сурет 5)

Қазақтардың бірinбірі алғаш көргенде қалай сәлемдесетітін де былай деп баяндауда: “Қазақ халқы кездескенде екі қолын ұстап төс қағыстырып сәлемдеседі. Сонда біреуі “Ассалаумағайлайкүм” десе, екіншісі “Уағалайкұмсалам” деп жауап қайырады. Ал әйелдер болса өздерінің жақын туысы болған ер адамдарға ізеттілікпен сол тізесін бүгеді де, оң тізесінің үстінде екі қолын қойып жоғарыдағы сөздерді айтады.” (Сурет 6)

Бопай ханымша қолмен жас ұлын ұстап барады. Бас киімін босаңдау байлаған. Артында келе жатқан қыздың екі ұзың бұрымы бар, бас киіменде темір тенгелер мен аққудың қауырсындары ілулі. Оның ханшайым екені бас киімінен белгілі. Ал арытнда келе жатқан екі жас әйелдің ханымшаның баласы болып болмағаны белгісіз. (Сурет 7)

Қазақтың көшу салтын былай деп баяндайды: “Түйелермен әйелдер, балалар, киіз үй мен басқа да керекті заттар тасымалдайды. Сәбилердің кебежесі бір түйеге артылған. Ең алда отбасының бір қызы атқа мініп бастап барады. Басына қауырсынды, оюлы бас киім киген. Суреттің сол төмен жақта болса атқа мінген Хан мен бәйбішесі Бопай мен бөбегі, арттарында бір жас бала атпен келе жатыр. Қарулы атты адамдар артта және төбелерде қарауылда жүр.” (Сурет 8)

Қазақтардың діни сенім нанымдарына да тоқталған Кэстль “қазақтар өте ырымшыл бола отырып, кұдіреті шексіз Құдайды құрметтейді. Күніне бес уақыт беті қолын жуып дәрет алып бастарын жауып тізе бүгіп намаз оқиды, мұсылманша ер балаларын сүндетке отырғызады. Оларда оқи алатын, жаза алатын молла өте аз. Олардың жазуы үнді сыясына батырып қамыспен оңнан солға қарай жазылады.” дейді.

Қазақтардың заңдары әдеттегі тұрақты жазбаша заңдарға ұқсамайды. Ахун немесе ең құрметті молла Құраннан алынған қаралған мәселеге қатысты заңдарды ақсақалдарға оқиды, бірақ ақырғы шешім ханға тасталады. Хан шешімі толық қып дереу орындалады. Олардың үкімдері оңай оспақ өлімге бұйырмайды, көбінде сойылға жығу жазасы болады.

Адам қайтыс болған кезде, оны отбасы жуып кебіндейді, тау жақтағы зиратқа жерлеп үстіне мұсылман екені жөнінде тастан белгілер қояды. Молда және өлген адамның бүкіл отбасы мәйіт үшін ән (көріс) айтады. Жылқы сойып, етін кедейлерге садақа ретінде таратады. Олар да оның аруағына дұға етеді.

Джон Кэстлдың естелік кітабының мазмұны осындай. Біз келтірмеген басқа детальдар 200 беттік кітапта толып жатыр. Еңбекті неміс тілінен ағылшын тіліне аударған Беатрис Тесье сонымен қатар зерттеу жүргізіп адам аттары, жер аттары сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлері туралы, беттердің төменгі жағында қойған сілтемелермен түсініктер берген. Осы зерттеулері барысында Алматыға келген Ұлттық Кітапханада және Шығыстану институытында жұмыс істеген. Бір қатар қазақ ғалымдарымен пікірлесіп түсініктемелер үшін көмек алған.

 

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем

өнер университетінің профессоры




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir