Іздеу
Қараша 23, 2017
  • :
  • :

Ашаршылықтағы жантүршігерлік оқиғалар куәгерлер көзімен

Ашаршылықтағы жантүршігерлік оқиғалар куәгерлер көзімен

(қаз қалпында берілді)

Жетеу НҰРМАНОВ, 1922 жылы туған. Жаңаөзен қаласының тұрғыны:


АДАМДАР ҚАРА ҚАРҒАЛАР СЕКІЛДІ ЕСЕКТІҢ ЕТІН ЖЕЙТІН


– Мен, інім, қарындасым үшеуміз детдомда қала бердік. Шикі быламық жеп күндіз-түні өліп жатқан балаларда есеп жоқ. Өлгендерін детдом жанындағы ойпаңдау жерге 2-3 бел күрек қазып, бір шұңқырға бірге көме салатынбыз. Детдомның 4-5 күшігі, қара ала иті бір түнде жоқ болып кетті, ашыққандар ұрлап кетсе керек. Детдомның алдынан Қоңыратқа апаратын жолда кетіп бара жатып, қолдарында пышағы бар арықта отырған адамдарды көретінбіз. Олар базарлап жүрген адамның итінің, есегінің қарнына пышақ тығып, ішек-қарны шұбатылған есек құлағанда, 20-25 адамдай топ кәдімгі қара қарғалар құсап жабылып, тиген жерінен кесіп алып жататын.

Алтынбек ТӨЛЕКОВ, 1916 жылы туған. Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

ҚАЛАНЫ АШ АДАМНАН ТАЗАЛАУ ҮШІН КӨЖЕГЕ У ҚОСЫПТЫ

– Ташкент қаласында босып жүрген 5-14 жас аралығындағы қазақ балалары әскерлерден қалған тамақтың қалдығына таласып, төбелесетін. Әскердегі кілең орыстың ішіндегі жалғыз қазақ мен болғандықтан, балалар «ағакелеп» терезеден телміріп тұратын. Мен бар нанды лақтырып жіберемін. Ас пісірушілер қуып жібергенде олар ит құсап әр жерге барып шоқиып отыратын да көп ұзамай қайтып келетін. Троицк лагері жанынан өтетін «Қарасу» деген су бар еді. 1932 жылы күзде сол судың жанындағы тоғайда көп қазаққа қазан асылды. Өзбекстан компартиясы Орталық комитетінің төрағасы Файзулла Ходжаевтың бұйрығымен көже пісіріліп, аш балаларға тамақ берілді. Көжені ішкен балалар өліп қалды. Сөйтсе, қаланы аштардан тазалау мақсатымен көжеге у қосылған екен.

 

Зәмін СҮЛЕЙМЕНОВ, 1916 жылы туған. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Задарья» совхозының тұрғыны:

КӨМЕТІН ЖЕР БОЛМАЙ, ӨЗ ҮЙЛЕРІН МОЛАҒА АЙНАЛДЫРДЫҚ

– Жұмыс істегендерге күніне 500 грамм бидай беріп отырды. Ал колхоздың жұмысына шығатын адамы жоқ үйлерге ештеңе берілмеді. Аштықтан өлгендерді жерлеуге шамамыз келмегендіктен, үйлерінің тіреу ағаштарын өгізбен сүйретіп, үйлерін құлатып, өз үйлерін молаларға айналдырдық.

 

Дәметкен ШОТБАЕВА, 1894 жылы туған. Қызылорда облысы Шиелі ауданы «Жақаев» колхозының тұрғыны:

ӨЛГЕНДЕР КӨМУСІЗ ЖАТА БЕРЕТІН

 

– Жұмыс істегендерге қасықтап дән беретін. Колхоз бір келі астық берсе, оның жартысын басқарма, белсенділер алып қоятын. Бас көтеру болды ма дейсің, қарағым, қайдан бас көтересің. Үлкен адамның көбін қамады. Ұстап әкетіп, атып өлтірді. Соқыр сот деген болған ол уақытта. Өліп жатқандарға ешкім қарамайтын, көмусіз жата беретін. Аштықта өз баласын өзі суға тастағанды көрдік.

 

 

 

Рәзия ТӘЖІБАЕВА, 1916 жылы туған. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Талдыөзек ауылының тұрғыны:

КӨЖЕГЕ ҚОЛЫН ТЫҒЫП ЖІБЕРІП, СОНЫ ТАЛҒАЖАУ ЕТЕТІН

– Аш адамдар базарда таба нанды ала қашатын. Иесі артынан тұра қуса, қашып бара жатып нанды аузына тығып, шайнамай жұтып жіберетін. Біреулердің ішіп отырған атала көжесіне қолын тығып жіберіп, қашып бара жатып қолын жалап, соны талғажау ететін.Дүкенші Толқынбай, ет алушы Исақжан сарт, дүкенші Мырсыдық сарт – осылар тоқ болды. Кейіннен халықтан қорқып, бар тамағын іше алмады сорлылар. Өкімет «продпомощь» деген бірдеңе берді. Оның өзін детдом ашып, баласы бар әйелдерге берді. Оған кім жарыған?

 

ҚЫРЫЛҒАННЫҢ БӘРІ – ҚАЗАҚТАР

– Көп адам сыртқа тентіреп кетті. Сырттан бізге келіп жатқандар да бар. Кімді кім біліп болғандай. Әйтеуір, қырылғанның бәрі – қазақтар. Ой, адам көп қырылды ғой. Талқанын құшақтап аштан өлген әйелдің баласы емшегін еміп жатқанын көзім көрді. Кейбіреулер баласын бесігімен тастап кетті.

 

ТЫШҚАН МЕН ҚҰРБАҚАНЫ ҚОЛЫ ЖЕТКЕНДЕР ҒАНА ЖЕДІ

– Өлгендердің бәрін Желдиірмен деген жердегі шұңқырға көме салатын. Өкіметке қарсы шығуға бәрі де қорқатын. Сіңлім Мәрзия екеуміз әкемнің Мақсым деген тамыр орысының үйінде жүрдік. Әйелі, балалары бар. Қазақшаға судай. Ол кезде Шу өзенінің суы көп. Әлгі орыс өзеннен балық аулап әкелетін. Кейде бірнеше адам жабылып, оның аулаған балығын тартып алады екен. Тышқан, құрбақаны қолы жеткен адам жейтін. Адам жегендер де болды. Тек екі табан, екі алақан, екі беттің ұшы ащы болғандықтан жемейді екен. Қалғанын жеп қояды. Орман деген байдың баласы киіз үйдің ішінде өліп қалса, біреулер үйдің уығын сындырып, әлгінің санын жеп кетіпті. Бір ішкен тамағы үшін 7 адам Ұзыншаш дегеннің басын кескен…

 

Жұлдызай СМАЙЫЛОВА, 1917 жылы Іледе туған:

ЕРКЕКТЕР ТАМАҚ ҮШІН ҚАТЫНЫН САТҚАН

– Сол жылы қыс қатты болды. Ішуге тамақ жоқ, ел қырылып қалды. Еркектердің көбісі тамақ үшін қойнындағы қатындарын қырғыздарға сатқан. Малдың бәрін тартып алған. Ел атқұлақ, шырмауық, жаужұмыр, желкек, қояншөп деген шөптерді қорек қылды. Өлең дейсің бе, әй, қайдам, есімде қалмапты:

 

–Оянған ұлтымыз,

 

Жанқияр жұртымыз.

 

Біз Совет құратын,

 

Ұйымның кілтіміз. Осылай шығар, ұмыттық қой.

 

Мауия ТАСЕКЕЕВА, 1905 жылы туған:

 

БАЛАНЫ ЖЕЙМІН ДЕГЕН ШАЛҒА КЕМПІРІ араша түсті 

– Мойынқұмға Арқадан ауып келгенбіз. Байдың қыз-келіншектері алтын-күмісті кебекке айырбастайтын. Әкем бізді далаға шығармайтын. Ештеңесін алмаңдар, алтыны өздеріне дейтін.Кейін Жамбылға кетіп бара жатып жолда талайды көрдік. Бір шал 5-6 жасар баланы жеймін дейді. Кемпірі таласып бермейді. Ақыры кемпірі баланы алып бөлек кетті…

 

Әліқұл АБДАНБАЕВ, 1912 жылы туған:

 

ӨЗІМІЗГЕ ӨЗІМІЗДІ АЙДАП САЛАТЫН

– Біз бай баласымыз, құмда тұрдық.

 

1928-29 жылдары кәмпеске жүрді. 1930 жылы әкем 3-4 күн ауырып өлді. «Халық жауы» дегенге ілікпей қалды. Өлмегенде итжеккенге кететін еді. Өкімет малды сыпырып алды. 1931 жылы Луговой, Әулиеата, Меркі жаққа қаштық. 1932 жылы қырғыз асып, Қара Балта, Пішпек, Ақсуға аудық. Қара Балтада өлгендерді жинап, өзекке төгіп, өртегендерін көрдік. Өзімізді өзімізге айдап салатын.«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, сол ашаршылықтан тірі қалдық. Қырғызда жүргенімізде қырғыз кемпір картоп ектіреді. Түнде барып сол еккен картобымызды қазып алып жейтінбіз. 1933 жылы ағам мені ауылға ертіп әкелді. Көрмегеніміз жоқ. Есек жедік… ұстасақ тасбақа, қарғаның балапанын жедік. Жаужұмыр деген тамыржемісті жабайы өсімдік бар. Картоп сияқты. Соны отқа көміп жейміз. Көп жей берсең ол да ауру қылады…

 

Жұмжұма НАЗАРҚҰЛОВ, 1902 жылы туған:

 

КИІЗ, АРҚАН, КӨҢ ПІСІРІП, ТАПСАҚ ТАСБАҚА ЖЕДІК

– Ашаршылықта көп адам қырылды. Киіз, арқан, көң пісіріп жейміз. Тапсақ тасбақа жейміз. Ол құр шандыр болады екен. Жұмыртқасы көп болады. Біздің жұртта 5-6 үй қалған. Әлімбай дегеннің тамына барса, іші тола бас дейді, көбі әйелдікі. Содан Бейсембай деген дәу жігітті үкімет ұстады…

 

Сабыр АХМЕТОВ, 1920 жылы туған:

 

АШ КЕМПІР МЕНІ БАС САЛДЫ

– 1932 жылы Гуляевкадан (қазіргі Мойынқұм) интернат ашылды. Оны ұйымдастырған Қазақстан басшыларының бірі Ораз Жандосов болатын. Мені сонда берді. Интернатта көп бала аштықтан әрі аурудан өлді. Өлгендерді сүйретіп апарып шұңқырға көмді. Бірде тышқан аулап жүріп бір кемпірге кездесіп қалдым. Шашы жалбырап, мені бас салғаны. Ары-бері жұлқынып, әзер босанып шықтым-ау, әйтеуір. Әйтпесе әлгі кемпірге жем болар едім.

 

Мәке МОЛДАБЕКОВ, Алматы оязы Қаракемер ауданы Сарытау ауылында 1910 жылы туған:

ЖҮСІПБЕК ШАЛ ӨЛГЕН БАЛАСЫН ПІСІРІП ЖЕДІ

– Сол кездері «Көрнектіні көрге тық, орташаны орға тық, кедейдің кеңірдегін сық!» деген ұран шықты. Ешкімді аяған жоқ. 1931 жылы Қарағанды, Балқаштан Жалаңашқа 300 түтін алып келді. Ел онсыз да аш. Берейін десе өздерінде еш нәрсе жоқ. Cолардың ішінде өздерінің аштан өлген балаларын пісіріп жегендер болды. Мысалы, Жүсіпбек деген шал өзінің аштан өлген баласын пісіріп жеген. Балаларын жұртқа орап тастап кеткендер де өте көп болды. Себебі оны көтеріп жүруге шамасы жоқ болатын.

 

Мақан ҚҰРМАНҚҰЛОВ, 1924 жылы туған. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңатұрмыс ауылы:

«БІРЕУЛЕР СОЙЫП ЖЕП ҚОЯДЫ» ДЕП МЕКТЕПКЕ ЖІБЕРМЕЙТІН

– Басқалар сияқты біздің де малымызды тартып алды. Әкем Құрманды ауқатты деп айдап әкетті. Әкемнің інісі Молдағұлды Байсеркеге оқуға алып кетті. Молдағұл ол жақтан қашып келіп, жанына балаларды жинап, ұрлық, тонаушылық жолына түсті. Молдағұл келе жатыр дегенде, бүкіл орыс, қазақ, ұйғырлар тік тұратын. Ол үкіметке де бағынбады. Сол ашаршылық кезінде біздің үйге бір орыстың сиырын ұрлап әкеліп сойып берді. Сол сиырдың етін түнде асып жеп, күн көріп, аштан аман қалдық. Мен мектепте оқитынмын. Өзім толық болдым. Молдағұл ағам «біреулер сойып жеп қояды» деп мені мектепке жібермей қойды.

 

Загүл МОЛДАБАЙҚЫЗЫ 1908 жылы Қапалда Күреңбай қыстауында туған:

БАЛАСЫН БЕЙІТКЕ ТАСТАП КЕТКЕН

– Аштық жылы үйде тығылып отырып тамақ ішетін едік. Базарбек деген кісінің есік алдында аштан бұратылып өліп бара жатқанын өз көзіммен көргенмін. Сол кезде адам сыйлау деген жойылған болатын. Бір туысымыз отбасын алып бажасынікіне барса, бажасы жақтырмай, тек балдызын алып қалып, күйеуін жас баласымен кіргізбепті. Ол кісі баласын көтеріп, зираттың қасынан өтіп бара жатып, ашық тұрған бейітке баласын тастап кеткен де, өзі қаңғып жүріп өлген.

 

Өтеген МОЛДАБАЕВ, 1906 жылы Майбұлақ колхозы Жүзім ауылсоветінде (қазіргі Шымкент облысы Ленин ауданы Жаңабазар сельсоветінде) дүниеге келген:

 

АТА-АНАМ МЕНІ ТАСТАП ҚАШЫП КЕТТІ

– Ашаршылық кезінде әке-шешем мені тастап, Ташкентке қашып кеткен. Сол кездерде тақиядай нан 10 сом болған. Сонымен бірге ашаршылыққа оба ауруы қосылды.

 

Әбдікәрім ТОҒАЕВ, 1912 жылы туған. Шымкент облысы Ленин ауданы Ленин селосынан:

БІЗДІ АМАН АЛЫП ҚАЛҒАН – ТӘШКЕН

– Жергілікті жерден 10 пайыз адам қырылды. Бізді аман алып қалған – Тәшкен. Ал енді осы жерден Тәшкенге дейін жол бойында адамдар қырылып жататын. Олардың көбісі ауылдан келгендер еді. Өліп жатқан адамдардың бетін жабу үшін Тұратан Қодар деген диірменшіден арпа-ұн әкеліп, адамдарға азырақ ауқат беріп тойдырып, өлгендердің жүзін жасырып көмдіретін. Ескі құдыққа, шұңқырларға тастай салатын.

 

Үзімбала ОРАЗОВА, 1907 жылы қаңтарда Қызылағаш (бұрынғы аты Бұқпанның құймасы) селосында туған:

ҮЛКЕН ҰЛЫН СОЙЫП ЖЕДІ

– Бір шал қайтыс болған екен, бұрын бай болған, жерлегеннен кейінгі түні екі жас жігіт қазып алып жеген. Ақадырда елі жағынан туысымыз болған. Сол кісінің екі ұлы болатын. Бірі – 3-те, екіншісі – 6-да. Туысымыздың көршісі: «Жейтін тамақ жоқ, балаларыңа не бересің, қалай асырайсың? Олар сені өлтіреді, не болмаса аштан бұратылып өзің өлесің. Одан да біреуін сойып жейік», – деп азғырған. Содан екеуі үлкен ұлын үйінде сойып жепті. Қанша дегенмен ет таусылып, екінші ұлын да сойып жеген екен. Кейіннен сол кісі әйелі екеуі мосы мен шөңкені алып, дала кезіп кетеді. Бір күні Қапалға барып, жалғыз қайтып келе жатқанмын. Өзім ол кезде денелі, етті болатынмын. Сөйтсем, әлгі туысымыз (аты Ерболсын еді) қырман маңында қаңғып жүр екен. Мені көре салып, қуалап берді. Қанша айтқанмен, адам етін жеген әлсіз болады ғой деймін, мені қуып жете алмады. Екі-үш күннен кейін ауыл адамдары Ерболсын мен әйелінің мая түбінде өліп қалғанын көріпті. Бұл оқиға наурыз бен көкек айының арасында болған еді. Ағайынды 8 үйден мен (Үзімбала), 7 жас­тағы Керім, оның шешесі Қырғауыл үшеуміз ғана тірі қалдық. Өлмейтін адам өлмейді екен, мен қара су ішіп тірі қалдым.

 

Мәжікен СӘРСЕНБАЕВ, 1924 жылы туған:

 

ҚҰЛҚЫН ҮШІН ЖЕМТІК ІЗДЕП БАСЫ АУҒАН ЖАҚҚА ҚАҢҒЫП КЕТТІ

– Сол кездері терезеден қарай қалсақ, көшеде өліп жатқан қазақ, жұрт оларды аттап өтеді, адам өліп қалыпты деп жатқан ешкім жоқ. Өне бойы ісіп-кеуіп, көзінің алды күлтілдеп, аяғын әрең алып бара жатқан аш-арық… Күні-түні есік бекітулі, тірі жанды үйге кіргізу жоқ, кіріп келсе, шамасы барлары өңештен өтетінді тартып ішіп-жеп кетеді.

 

Тезекбай ҚҰСАЙЫНОВ, 1927 жылы Іле өңірі Сарытауқұм деген жерде туған:

АДАМ МАЛ ҚҰРЛЫ БОЛМАДЫ

– Көптеген үйлер қаңырап бос қалған. Сол үйлерден, шеңгел, ши түбінен шашылып жатқан адам өліктерін көретінбіз. Адам өлімі мал өлімі құрлы болмаған. Негізі, кісі етін жеу Ақкөлде болған. Сол жерде өте қалың шеңгел болатын. Ортасында Бақанасқа қарай шығатын жол бар. Шеңгел түбінде бұғып жатып, 1-2 адамды ұстап алатын көрінеді. Адамды ұстағанда ойбайлайтындықтан, ол жер «Ойбайшеңгел» атанған.

 

 

 

(Естеліктер ҚазҰУ-дің тарих факультетінің профессоры Қамбар Атабаев жетекшілік еткен «32-нің зұлматы» үйірмесінің материалдарынан алынды. Естеліктерді 1990-91 жылдары куәгерлер аузынан жазып алғандар: Г.Байсеркеева, Амангелді Әліпбаев, Самат Ахметов, Дархан Жақсыбеков, Дина Иманбаева және т.б.)

 

anyzadam.kz

 

 




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir