ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҢ ЖЕМІСТІ НӘТИЖЕСІ

Әлем сахнасында беделі зор халықаралық ұйымдардың бірден-бірі ЕҚЫҰ әуел баста КСРО мен бірқатар еуропалық социалистік елдердің бастамасымен құрылып, «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтамықтастық жөніндегі мәжіліс» деген атпен өз жұмысын бастаған еді. Алғашқы кезеңде ұйымға отыз үш еуропалық мемлекет, АҚШ пен Канада елдері мүше болды.  Тұрақты негіздегі халықаралық бас қосудың көздеген басты мақсаты Еуропаның қауіпсіздік жағдайын неғұрлым нығайту және қарулы қорғанысты соғұрлым азайту болатын.
Бүгінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым жекелеген аймақтардағы қақтығыстарды басу, дағдарыс жағдайын реттеу мен қақтығыс салдарын жою сынды бейбіт өмір жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған игі мақсатты көздейді. Осыған сәйкес аталған ұйымның нақты міндеттері де айқын. Қару-жарақтардың таралуын бақылау, дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы қақтығыстардың алдын алу сынды саяси-әскери сипаттағы мәселелерді шешу міндеті дүбірлі дүниенің бейбіт тіршілігін сақтауда ерекше мәнге ие. Сонымен қатар халықаралық қарым-қатынастар аясындағы экономикалық, экологиялық қауіпсіздік, адам құқығын қорғау, демократиялық институттарды дамыту, сайлау мониторингін жүргізу тәрізді мәселелерді реттеу де әлем халықтарының өзара сенімділікке, ынтымақтастыққа негізделген ашық қарым-қатынасына жол ашады деп сенеміз.
Қазіргі таңда ЕҚЫҰ қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ірі аймақтық ұйым ретінде деректі тарихымен де, жүйелі қызметімен де әлем жұртшылығының алдында өзін мойындатып отыр. Бүгінде аталған ұйымның құрамында Еуропаның, Солтүстік Американың және Орталық Азияның елуден астам мемлекеті бар. Соның ішінде Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан бастап мүше болып келеді.
Биылғы жылы ЕҚЫҰ Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі ел тарихындағы елеулі оқиға болып отыр. Бұл,  бір жағынан, республикамыздың дүниежүзілік саясаттағы ықпалы мен бедел-абыройын әйгілесе, екіншіден, қарқынды экономикалық, өркениеттік дамуға бел байлаған жас мемлекеттің даму стратегиясын жүзеге асыруда аталған оқиға біршама қолайлы жағдай жасауы тиіс деп күтілуде. Еуропалық елдерде ЕҰЫҰ бас қосуларына төрағалық жасау соншалық тосын я айрықша оқиға болып көрінбейтіндігі рас. Ал қазіргі әлем сахнасында дербес мемлекет ретінде небары он тоғыз-жиырма жылдық тарихы бар Қазақстандай жас мемлекет үшін осы жиынның мән-маңызы зор.
Еуропа елдеріндегі саяси, этникааралық шиеленістерді дипломатиялық, бейбіт жолмен шешуді бүгінгі таңның көкейкесті мәселесі дәрежесінде зерделейтін аталмыш ұйымға төраға болу әлем жұртшылығы алдында елімізді жан-жақты танытуға айтарлықтай ықпал етері анық.
Қоғам дамуына, мемлекет болашағына немқұрайды қарамайтын қауым – саясаткерлер, ғалымдар мен қаламгерлер, қоғам қайраткерлері 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордамыз Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті ел келешегіне байланысты келелі мәселелерді тиімді шешуге зор ықпал жасайды деп үміт қылуда.
Биылғы жылы Ұйым Саммитінде көтерілетін мәселелер ұлтаралық сенімділік, дәстүрлер және толеранттылық төңірегінде өрбиді. Ал осы жағынан келгенде әлем жұртшылығы алдында Қазақстанның ұсынар тәжірибесі баршылық дер едік.
Жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың береке-бірлігін сүттей ұйыған қалпында сақтап отырған Қазақ елінің ұстанған ішкі саясаты, шын мәнінде де, өзге мемлекеттер үшін үлгі боларлық деңгейде деп айта аламыз. Сан алуан, этностардан, тілі, діні мен ділі әрқилы халықтардан құралған ынтымағы жарасқан Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас жағдайын бүгінде дүниежүзінің жұртшылығы мойындап отыр.
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық еліміздің өркендеу жолындағы жасаған сәтті қадамдарының нәтижесі деп білеміз. Жалпы Ұйымға төрағалық ету туралы шешімнің өзі демократиялық қоғамды қалыптастыру мен нарықтық экономиканы оңтайлы жолмен дамыту саласындағы Қазақстан Республикасының шынайы жетістіктерін айғақтайды.
Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан 2015 жылы дүниежүзінің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарынан табылатын боламыз деп, келешек жоспарын ашық жариялаған болатын. Алғашқы кездері қазақстандықтар да, сырт көзқараспен сынай көз тастаған өзге мемлекеттер де бұл бағдарға күмәнмен қарағаны рас. Алайда жиырма жылдық даму тарихын артта қалдырған егемен ел ретінде өткеніміз бен жеткенімізді сарапқа салсақ, беталысымыз түзу екеніне сеніміміз молая түседі. Нақты мәресі мен шамасы айқындалған, саналы түрде жоспарлаған бұл өрлеудің ең басты алғышарттары – экономиканы диверсификациялау мен ДСҰ-на қосылу, білім деңгейін барынша жоғарылату, келісілген әкімшілік реформаларды іске қосу. Осы негізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар жүзеге асырылып, бүгінде біршама көңіл қуантарлық нәтижелерін де ұсынып үлгерді.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің консенсусы елбасымыз
Н. Назарбаев іске асырған ішкі саясаттың дұрыс жолға қойылғандығына негізделген. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақыттарда жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының көркейіп дамуына қолайды жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандас халықтардың шынайы достық пейілдерін паш етеді. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.
Дүниежүзінде көп ұлтты мемлекеттер баршылық. Алайда саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көп ұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі сала алмаған дәл Қазақстандай мемлекетті әлем бүгінде феномен ретінде қабылдайды.
Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Мұнда әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрін көркейтудің мүмкіншіліктер аясы кең. Жекелеген этникалық топтар шоғырлана қоныстанған жерлерде ана тілі ретінде он алты тілді оқытатын ұлттық мектептер жұмыс істейді. Ал мемлекет бес жүзге жуық ұлттық-мәдени бірлестіктердің, республикалық және аймақтық деңгейдегі  жиырма шақты басылымға, радио және телебағдарламалардың, сондай-ақ ұлттық театрлардың қызметіне тұрақты қолдау көрсетеді.
ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында: «Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды», - деген еді. Тәуелсіздік жылдарында өзінің серпінді күш-қуатымен әлемдік интеграцияға бет алған Қазақстан өзге мемлекеттерді қол жеткізген жетістіктерімен таң қалдырып келеді. ЕҰЫҰ-ға төрағалық ету тәрізді аса құрметті міндетті елімізге мол сеніммен тапсырылғандығын Елбасы осы соңғы жылдардағы саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени өрлеудегі табысты да қарышты қадамдармен байланыстырады.
Шетелдік саясаткерлер Қазақстанның өз территориясында өмір сүретін аз ұлттардың құқықтарын сақтау арқылы ең айтулы жалпыадамзаттық ұстанымдарға адалдық танытып, Орталық Азиядағы тұрақтылық орнаған бірден-бір мекен ретінде әйгілі екендігін тілге тиек етеді.
Франция президенті Жак Ширак ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қоғамдық-саяси ауыр шақтарда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет құру жолына бет бұрғандығын айта келе, осы жолда жас ел өзінің ұлттық тарихы мен өзге де рухани құндылықтарын сақтай отырып, демократия мен құқықтық мемлекеттің жалпы адамзаттық қағидаттарына адалдық танытқандығын ерекше атап өтеді. Осы орайда 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде бұл аталған достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда.
Қазақстандағы аз ұлттардың өкілдерінің мұқтаждығын өтеуге,  ұлтаралық қарым-қатынас аясында үйлесім орнатуға барынша жағдай жасалған. Барша ұлттардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай және осы орайда өзге мемлекеттерге үлгі бола алатынын айта еткен жөн.
Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеумен сабақтас. Соңғы жылдарда Республиканың түпкір-түпкірінде бой көтерген түрлі діни мекемелердің (мешіт, православие приходы, католиктердің костелы, ғибадатханалар және т.б.) жанданған құрылысы мемлекеттің өзара үйлесімді қоғамдық дамуға тиімді жағдай жасағандығын дәлелдей түседі. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға игі ықпал жасады. Соның нәтижесінде еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне ие болып отырғаны белгілі.
Жалпы адамзаттық ізгі идеялардан тамыр тартатын принциптерге сүйене отырып қоғамдық қатынастарды кемелдендіру жағынан Қазақстандағы ішкі саясаты – түрлі діни конфессиялардың бір ту астында бейбіт өмір сүре алатындығының жарқын үлгісі.
Қорыта келе, алдағы желтоқсан айының 1-2 күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның кезекті үлкен мәжілісі Қазақстан республикасының тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын, әлі қол жеткізбеген бағдарлы жоспарларын біртұтас ел болып саралауға шақырады. Игілігімізді ұялмай әлем жұртшылығына ұсынып, кем-кетігімізді өзге кемел мемлекеттерден үлгі ала отырып түзетудің сәті осы болар.
Біз, ең алдымен, қоғамда демократиялық институттарды қалыптастырып, тұғырландыруда айтарлықтай тәжірибе жинақтаған Еуропа елдерінен осы тұрғыда сабақ алуымыз қажет. Дүниежүзі бойынша дамыған елу елдің қатарына кіруді басты мақсат еткен егеменді Қазақстан Республикасының даму стратегиясы, ең алдымен, біртұтас қоғамдық сананы жаппай ашықтыққа, жариялылыққа, әділеттілікке тәрбиелеуі тиіс. Өйткені әлемдің қауымдастыққа кіру дегеніміз сол қауымдастық мойындаған басымдықты қабылдау емес пе?..

Қалиева Альмира,
ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

Пікір жазу